Сұлтан Тәукейұлы

(Sultan Taukey)

Жазушы. Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Цэнгэл сұмынының Аққол деген жерінде дүниеге келген /1944 ж./. Орта мектепі /1962 ж./, Улаанбаатар қаласында Экономикалық институтын бітірген /1966 ж./, маманы экономист, экономика ғылымының докторы, профессор. Белгілі мемлекет, қоғам қайраткері, ғалым, жазушы, аудармашы, дипломат.

Ол /1966 ж./ аудан, астана, аймақ, республика деңгейінде басшылық лауазымда қызмет атқарған. Моңғолияның тұрақты парламенті – Ұлы Құрылтай мүшелігіне /1992-1996 ж.ж/ екі мәрте сайланған. Моңғолияның тұрақты парламентінің жанындағы Моңғолия мен Қазақстан парламент аралық тобын басқарып /1992-2000 ж.ж./, екі ел аралық бірнеше келісім шарттар жасау, парламет, үкіметаралық қатынастарын жаңа деңгейге көтеру, саяси, экономикалық, әлеуметтік қарым-қатынастарды нығайту саласына белгілі үлес қосты. Моңғолияның көші-қон заңының жобасын дайындап, парламентте бекіттіруі қандастарымыздың атажұртқа қоныс аударуын ресми түрде заңдастырған маңызды шешім болды. МХРПартиясының хатшысы /2000-2001 ж.ж/, Моңғолиядан Венгрия, Австрия елдерінде Төтенше және Өкілетті елші /2001-2005 ж.ж/, Моңғолия президенті жанындағы ғалымдар кеңесінің мүшесі /2006 ж./, «Улаанбаатар-Эрдэм судлал» институтының Халықаралық право кафедрінің меңгеруші профессоры /2006-2011 ж.ж/, Корея республикасының дәулетімен жұмыстайтын «Улаанбаатар» Университетінде аға профессор болып қызметтейді /2011 ж./.

Т.Сұлтан жауапты қызметтерімен қатар /1962 ж./ бері көркем әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма, поэзия, публицистика саласында толассыз еңбектеніп, 30-ға жуық дербес кітаптары жарық көрді. «Жайдарман»/қазақша/, «Дэгдээхэй жигүүрлэх уулс» /Балапан қанаттанған таулар, моңғол тілінде/, «Арман»/қазақша/, «Шархтсан уул» /Мұңлы тау, моңғол тілінде/, «Эргүүлэг» атты әңгіме, повестер жинағы, «Сеңгір таулар», «Тау бораны» /моңғол тілінде/, «Арман тау», «Арыстардың арманы», «Ақыр Жәнібек» романдары, «Тағлым» атты ғұмырнамалық эссе романы мен естелік, өлеңдер қамтылған шығармалары оқушы қауымның көңілінен шыққан, «Арқалық», «Келін», «Ат басқан Қоңыр», «Жетімдер» атты пьесалары Баян-Өлгий аймағының ұлттық театрының сахнасында қойылған, «Жалынды жылдар», «Тәңір құты мекен» деректі фильмдері мен «Өсиет» көркем фильмі экранда моңғол тілінде жарық көрген көрнекті жазушы.

Т.Сұлтанның аудармасы бойынша Түркі жазушысы Нихал Атсыздың «Көк бөрінің өлімі» романының кейбір бөлімі, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, С.Сматаев,Т.Әлімқұлов,Қ.Жұмаділов, Т.Нұрмағанбетов, Т.Жақыпбаевтардың кейбір әңгімелері, Ғ.Қайырбеков, А.Оспанованың кейбір өлеңдері, Баян-Өлгийлік қаламгерлер Х.Дайын, А.Ақын, Б.Мусалардың өлең, жыр, әңгімелері моңғол тілінде, Моңғолияның әйгілі жазушылары Ч.Лодойдамба, Б.Бааст, З.Сандгаалардың әңгімелері қазақ тілінде жарық көрді. Сондай-ақ, А.Әшімовтың қойған «Қозы Көрпеш, Баян сұлу» фильмін моңғол тілінде экранда сөйлетті. Қазақ мектептерінің бастауыш сынып оқушыларына арналған әлемдік және моңғол жазушыларының балалар шығармалары 106 кітапшаның аудармасына, 10-нан астам көркем әдеби шығармаға сарапшылық етіп, бастауыш мектеп мұғалімдеріне арнап АҚШ-тың «Эван-Моор Эдюкэшнал Павлишерс» Компаниясы дайындаған «Бейнелеу өнері» атты оқулығын моңғолшадан аударып бастырды.  Қаламгердің аудармалары қазақ, моңғол ұлтының тарихы мен мәдениетін, салт дәстүрін насихаттау ісіне өзіндік үлесін қосуда. Қаламгер 30 дан астам әдеби сын, жол белгілеу, публицистикалық мақалалар жазды. Т.Сұлтан шығармаларын қазақ, моңғол екі тілде жазумен қатар өз шығармаларын екі тілге автордың өз аудармасымен жарық көретіні оның бір ерекшелігі. Т.Сұлтанның кейбір әңгімелері Ресей, Молдавия, Венгрия, Қазақстанда жарық көруімен қатар «Арман тау», «Ақыр Жәнібек» романдары ҚХР-да араб төте алфавиті бойынша басылып шықты. «Арман тау» романының кейбір бөлімі Түркияның Стамбул қаласында түркі тілінде басылды. Ол өз шығармаларында көлемді панорама арқылы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-сана, әдет-ғұрпын тартымды баяндаумен қатар орыс, қытай сияқты державалардың отаршылдық саясатының тәлкегі болған қазақ, монғол ұлттарының қайғылы тағдыры туралы тарихи деректерге сүйене отырып ащы шындықтың бетін ашып, тарихи тұлғалар мен бүгінгі қарапайым азаматтардың бейнесін көркемдік тұрғыдан, жан-жақты сомдады.

Т.Сұлтан экономикалық тақырыпта бірнеше монографиялық шығармалар, халықаралық право саласында көлемді оқулық, саяси, тарихи, экономикалық және әлеуметтік тақырыпта 60-тан астам ғылыми мақалалар жазып, 10-нан астам ғылыми баяндамалар жасаған, Моңғолияда өмір сүретін қазақтардың ата-тек шежіресін жинап /1995 ж./ «Шежіре» кітабы жарық көрген, Моңғолия қазақтарының тарихы мен мәдениеті, салт-сана, әдет-ғұрпы, тіл ерекшелігі туралы тарихи, этнографиялық «Ата таным» кітабы /2006 ж./ бар ғалым.

Автордың «Арқалық» пьесасы МЖО-ның Баян-Өлгийдегі бөлімшесінің, «Кооператив Жамбыл» повесі мен «Арыстардың арманы» эссе романы Моңғолия Жазушылар Одағының арнайы сыйлығына ие болған /2000 ж./, Моңғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілуі оның қарымды қаламгерлік еңбегі мен тума талантының куәсі /2005 ж./. Сұлтан Тәукейұлының жан-жақты жемісті еңбегін Моңғолия үкіметі жоғары бағалап «Алтын жұлдыз» /1984 ж./, «Еңбек даңқы» 1996 ж./,. «Тәуелсіздік» ордендері және медальдармен марапаттаса /2011 ж/, Венгрия президенті «Крест» орденімен /2005 ж./, Австрия президенті арнайы марапатпен, АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатының астана құрылтайы /1996 ж./ «Рафид қаласының құрметті азаматы» атағымен, « Бейбітшілік, ынтымақ үшінгі Корея Республикасындағы Халықаралық Одағы» /1997 ж./ «Тәңір текті жан ұя» дипломымен сыйлаған, «Баян-Өлгий аймағының құрметті азаматы» /2010 ж./, «Улаанбаатар қаласының құрметті азаматы» /2011 ж./ атақтарымен марапатталған. Т.Сұлтанның шығармашылық еңбегіне /2012 ж./ жарты ғасыр немесе 50 жыл толу қарсаңына орай ол өз шығармаларының 10 томдық толық жинағын баспаға әзірлеп бастыруда. Олардың алғашқы 5 томдығы /2011 ж./ «Китаб» баспасынан жарық көрді.

Шығармалары: «Жайдарман» повестер мен әңгімелер. Баян-Өлгий /1975 ж./. «Балапан қанаттанған таулар» повестер мен әңгімелер. /моңғол тілінде/. Улаанбаатар /1986 ж./. «Тау бораны» роман /моңғол тілінде/. Улаанбаатар, /1990 ж./. «Арман тау» роман Баян-Өлгий /1993 ж./. «Арман» Повестер, драмалар. Улаанбаатар /1997 ж./. «Шежіре» Анкара /1995 ж./. «Мұңлы таулар» повестер /моңғол тілінде/. Улаанбаатар /1998 ж./. «Ақыр Жәнібек» роман Улаанбаатар /2000 ж./.

Пікір қалдыру